Mustafin Magazine Logo

Реклама

  1. Главная
  2. arrow-right
  3. Контент
  4. arrow-right
  5. Смотреть
img
arrow

29.10.2026

Текст: Жансая Жолдасова

Еркебұлан Дайыров басты рөлде: “Шымыр” көрерменге не ұсынады

Жүйені жалғыз жеңуге ұмтылған адам мен кек туралы туындыға шолу

29 қазанда қазақстандық прокатқа Анвар Матжановтың жаңа “Шымыр” фильмі шықты. “Таптым-ау сені” және “Брат или брак 3” комедияларымен танымал режиссер бұл жолы экшн жанрына бет бұрды. Оқиғаның басты кейіпкері – тракторына қажетті бөлшекті алу үшін қалаға келген қарапайым ауыл тұрғыны. Алайда оның әдеттегі сапары қауіпті текетіреске ұласады.

Басты рөлдерді Еркебұлан Дайыров, Азамат Сатыбалды, Ақбота-Нұр және Алау Қайратқызы сомдады. Фильмде қылмыстық оқиға желісі төбелес, қатал қақтығыс пен қанды көріністер арқылы өрбиді.

Mustafinmag авторы фильмді Алматыдағы көрсетілімде тамашалап, “Шымырдың” қазақстандық өзге туындылардан несімен ерекшеленетінін, көріністердің қаншалықты әсерлі шыққанын және жоба авторларының әділдік тақырыбын жанрлық оқиғамен қаншалықты ұтымды ұштастырғанын саралады.

Фильм не туралы

Шымыр – ауылда тұратын қарапайым адам. Ол тракторына қажетті бөлшекті алу үшін қалаға келіп, досы Елдоспен кездеседі. Алайда бұл сапардың соңы қайғылы жағдайға ұласады. Досының қызы Айсұлуға қауіп төнгенде, Шымыр Санжар бастаған қылмыстық топқа қарсы тұруға мәжбүр болады.

Бірақ оның әрекетінің астарында жақындарына көмектесу ниетінен де тереңірек себеп бар. Шымырдың Санжармен есептесуіне жеке басынан өткен ауыр қайғы түрткі болады. Ол осы сәтті екі жыл бойы күткен. Ақыры көптен күткен кездесуі екі кейіпкердің арасындағы тартысты жай ғана кек алудан әлдеқайда күрделі қақтығысқа айналдырады. Олардың арасындағы байланыстың мәні оқиға барысында біртіндеп ашылып, басты кейіпкердің болмысына эмоциялық тереңдік қосады.

Қатал экшн

Қазақстандық киноның репертуарында комедия мен драманың үлесі басым. Ал, экшнге құрылған туындылар сирек кездеседі. Осы тұрғыдан алғанда, “Шымыр” жанрлық таңдауымен-ақ назар аудартады. Анвар Матжанов үшін де бұл фильм – бұрынғы комедиялық жобаларынан өзгеше тәжірибе.

Картинада төбелес пен қатал қақтығыстар аз емес. Қылмыстық орта барынша шынайы бейнеленген: зорлық-зомбылық кейіпкерлер күн сайын бетпе-бет келетін қауіпті ақиқаттың бір бөлігі ретінде ұсынылады.

Экшн көріністерді таспалауға Nomad Stunts каскадерлер тобы қатысқан. Төбелес сахналары оқиғаның қарқынын үдетіп, шиеленісті күшейтеді. Режиссердің комедияларымен салыстырғанда, мұндағы динамика да, визуалдық мәнер де әлдеқайда қатал.

Дегенмен экшннің көптігі оқиғаның қабылдануына да әсерін тигізеді. Қақтығыстар сюжетті алға сүйрейтін негізгі күшке айналғандықтан, кейіпкерлердің мінезі мен ішкі қайшылығын тереңірек ашуға уақыт аздық етеді. Криминалдық драмадан психологиялық күрделілік күтетін көрерменге кей тұстардың шешімі тым қарапайым көрінуі мүмкін. Ал жылдам қарқын мен әсерлі экшнді бағалайтын аудитория фильмнің ырғағын бірден түсінетіні анық.

Кек пен әділдік арасында

Еркебұлан Дайыров сомдаған Шымырдың әрекетіне жеке басынан өткен қайғы мен жақындарын қорғауға деген ұмтылыс әсер етеді. Ол қылмыстық әлеммен күресуге алдын ала дайындалған адамға ұқсамайды. Оның табандылығы оқиға барысында қалыптасып, әрбір жаңа қадамының бағасы арта түседі.

Фильмнің басты антогонисті Санжар – айналасындағы адамдарды бақылауда ұстап, өз мақсатына жету үшін оларды пайдалануға дағдыланған. Екі кейіпкердің текетіресі жеке кекпен шектелмейді. Олар күштің не үшін қолданылатыны, адамның жауапкершілігі және қандай әрекетке жол беруге болатыны жөнінде қарама-қарсы ұстанымдарды көрсетеді.

Айсұлу мен Лейла да оқиғаның маңызды бөлігіне айналады. Олардың тағдыры өзгенің билігіне тәуелді болудың қандай салдарға әкелетінін көрсетеді. Әсіресе Лейла негізгі тартыстан шет қалмайды: оның жағдайы мен шешімдері фильмдегі қақтығысқа қосымша мағына береді.

Соған қарамастан, оқиға көбіне Шымырдың сюжеттік желісіне шоғырланған. Қосалқы кейіпкерлердің мінезі мен жеке тарихы негізінен басты кейіпкермен байланысы арқылы ашылады. Бұл шешім қарқындылықты сақтауға көмектескенімен, қосалқы рөлдердегі тұлғалардың ішкі әлемін тереңірек танып-білуге мүмкіндік бермейді.

Жүйені жалғыз жеңуге бола ма?

“Шымырдағы” қылмыстық текетірестің астарында одан да ауқымды мәселе жатыр: жекелеген адамдар жазасыздыққа бой үйретіп, өзгенің тағдырын өз қалауынша шеше бастағанда не болады? Фильмде ықпал мен жеке байланыстар әділдік туралы қалыптасқан түсініктерден де үстем түсетін орта бейнеленеді.

Бұл сұрақ Шымырдың әрекетін басқа қырынан көрсетеді. Ол нақты бір адамды тоқтатуға тырысады, бірақ мәселенің тамыры жалғыз қарсыласымен бітпейді. Фильмдегі бір сахнада Санжардың өзі де Шымырдың түпкілікті жеңіске жету мүмкіндігіне күмән келтіреді, себебі оның орнына басқа да біреу басуы мүмкін.

Осы ой фильмнің негізгі қайшылығын ашады. Кек Шымырға айқын мақсат береді, алайда ол қалыптасқан тәртіпті өзгерте ала ма деген сұрақ ашық қалады. “Шымыр” әлеуметтік драмаға айналуға ұмтылмайды және қылмыстық ортаның қалай жұмыс істейтінін жан-жақты талдамайды. Дегенмен жеке адамның күресі мен жүйелік мәселенің аражігін көрсетуге тырысады.

Сонымен қатар, фильм экшн жанрына тән шарттылықтарды да қолданады: басты кейіпкер бірнеше қарсыласпен қатарынан төбелесіп, бір сәт те тыным таппай күресін жалғастырады. Бұл тұста әрбір қақтығыстың шынайылығынан гөрі, оқиғаның эмоциялық қисыны маңыздырақ.

Қорытынды

“Шымыр” – қарқынды оқиғаны, қатал төбелестерді және қылмыстық ортаға қарсы шыққан кейіпкер туралы фильмдерді ұнататын көрерменге арналған экшн. Туынды қақтығыс көріністеріне басымдық бере отырып, жеке кек оқиғасын жазасыздық пен әділдік мәселесіне ұластырады.

Алайда қосалқы кейіпкерлердің мінезі мен ішкі әлемі толық ашыла бермейді. Ал, әлеуметтік мәселелер терең талданбай, оқиғаның өрбуіне түрткі болатын жағдайлар деңгейінде қалады.

Фильм жанрға тән таныс тәсілдерге сүйене отырып, маңызды мәселені қозғайды: жекелеген қылмыскерлермен күрес олардың әрекет етуіне мүмкіндік беретін жүйені өзгерте ала ма? Бұл тартыстың көрерменге қаншалықты әсер ететіні оның қылмыс әлемі туралы фильмнен не күтетіндігіне байланысты.